679

Белгілі әнші Гүлзира Бөкейхан 57 жасында өмірден өтті

Күміс көмей әнші өмірден озды.

Белгілі әнші Гүлзира Бөкейхан 57 жасында өмірден өтті
instagram.com/gulzirabokeihan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейхан 57 жасында дүниеден озды. Қаралы хабарды Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы таратты.

Қауымдастық марқұмның отбасы мен жақындарына, сондай-ақ барша қазақ халқына көңіл айтып, Гүлзира Бөкейханның ұлт руханиятындағы айрықша орнын атап өтті.

«Қытай елінен атажұртқа көшіп келіп, қазақ даласын әнге бөлеген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күміс көмей әнші Гүлзира Бөкейханның дүниеден өткені туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадық. Ол шетелде жүріп-ақ қазақтың қасиетті ән өнерін сақтап, елге оралған соң ұлттық мәдениетке өлшеусіз үлес қосты. Асқақ үні мен сахнадағы дара болмысы халық жадында мәңгі сақталады», – делінген көңіл айту мәтінінде.

Гүлзира Бөкейхан 1969 жылы Қытай Халық Республикасының Шынжаң өңірінде дүниеге келген. Өнерге ерте ден қойған ол кәсіби жолын жас кезінен бастады. 1983 жылы Іле облыстық өнер колледжіне оқуға түсіп, 1986 жылы аталған оқу орнын тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын Іле облыстық Қазақ ән-би театрында бастады.

Білімін тереңдету мақсатында 1988–1993 жылдары Бейжің Ұлттық университетінің музыка факультетінде вокал мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды.

1999 жылы тарихи Отанына оралып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аспирантурасына қабылданды. Мұнда КСРО халық әртісі Роза Жаманованың жетекшілігімен білім алып, 2001 жылы оқуын аяқтады. Кейін Астана қаласына жұмысқа шақырылды.

Әнші Астана мемлекеттік филармониясында және Президенттік мәдениет орталығында қызмет етті.

Гүлзира Бөкейхан атажұртқа оралғаннан кейін Алтай–Тарбағатай өңірінде сақталған көне халық әндерін жаңғыртуға айрықша еңбек сіңірді. Қазір небәрі санаулы кәсіби орындаушылар ғана меңгерген бұл сирек мұраларды заманауи өңдеуден өткізіп, Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрі мен Нұрғиса Тілендиев атындағы қазақ этнографиялық оркестрінің сүйемелдеуімен сахнаға шығарды.

Арнайы концерттік бағдарламалар арқылы ұлттық музыкалық қазынаны кең аудиторияға ұсынып, қазақтың дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттады.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор