SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында апалы-сіңлі екі қыз өгей әкесінен ұзақ жылдар бойы қорлық көргенін айтып, әділдік іздеп жүр. Олардың сөзінше, зорлық сипатындағы әрекеттер өздері небәрі 6 және 8 жаста болған кезден басталған. Жәбірленушілер тергеу барысына көңілдері толмайтынын мәлімдеп, қылмыстық істің бұрмаланып, күдіктінің жауапкершіліктен сытылып кетуінен қауіптенеді. Сол себепті олар оқиғаны қоғам назарына шығаруға мәжбүр болған. Бұл туралы Информбюро бағдарламасында айтылды.
Бет-жүзін жасыруды өтінген қыздың айтуынша, жағдай анасы екінші рет тұрмысқа шыққаннан кейін басталған.
«Үйіміз шағын еді. Анам кішкентай баламен бір бөлмеде жататын. Ал бізді басқа бөлмеге апарып, қорлық көрсететін. Аузымызды жауып, тұншықтыратын. Ол кезде мәнін толық түсінбедім. Тек жасым өскенде ғана не болғанын ұға бастадым. Сол сәттен бастап қатты қорықтым», – дейді жәбірленуші.
Қазір 17 және 18 жастағы апалы-сіңлі қыздар күдіктінің қатаң жазалануын талап етеді. Олардың айтуынша, бұл жағдай шамамен бес жылға созылған. Өгей әкесі қорқытып-үркіткендіктен, ұзақ уақыт бойы ешкімге айтпаған. Анасы мен жақын туыстары оқиғаны жақында ғана біліп, бірден полицияға арызданған.
Жәбірленушілердің туысы Қыздаркүл Қыдырбекованың сөзінше, бастапқы кезеңде арыз қабылдау кезінде қиындықтар болған.
«Алғашында «кәмелетке толмаған балаға жасалған ауыр қылмыс» деп арыз жаздық. Бірақ полиция оны бірден тіркемей, басқа баппен рәсімдеуді ұсынды. Сараптамалар жүргізілді, қорытындылар бар. Соған қарамастан, алғашқы күні тергеу әрекеттері толық жасалмады», – деді ол.
Туыстарының айтуынша, күдікті тек моральдық емес, физикалық күш қолданған. Ал полиция қылмыстық істің тергеліп жатқанын және күдіктінің қамауда отырғанын растады.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, іс Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі бойынша қаралып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сай сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, істің барлық мән-жайы анықталады.
Жылдар бойы бір шаңырақ астында өмір сүрген балалардың анасы бұл жайттан бейхабар болғанын айтады. Белгілі болғандай, ол осы некеде тағы бес бала тәрбиелеп отыр.
RUS