320

Қытай мен Өзбекстандағы пранктарымен жұрттың ашуына тиген блогердың басы тағы дауға қалды

Блогер қоғамдық орында жасөспірімдерге тиіскен.

Қытай мен Өзбекстандағы пранктарымен жұрттың ашуына тиген блогердың басы тағы дауға қалды
instagram.com/ia_aruzhan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогер Аружан Айбекова тағы да даудың ортасында қалды. Бұл жолы қоғамның наразылығын туғызған әрекет Алматы метросында түсірілген «пранк» видеосына байланысты. Кадрларда блогердің қоғамдық орында кәмелетке толмаған жасөспірімдерге жақындап, олардың қолы мен санына тиіп, саусақтарын «айқастырып» тұрғаны көрінеді.

Видеода балалардың абдырап, ыңғайсызданғаны анық байқалады. Кейбірі не істерін білмей тосылып тұрса, жанындағы достары жағдайды әзілге айналдырған. Соған қарамастан, блогер әрекетін тоқтатпай, «пранкті» жалғастыра берген.

Бұл жазба әлеуметтік желіде қызу талқылауға түсті. Қолданушылардың басым бөлігі Айбекованың ісін жай әзіл емес, жеке шекараны өрескел бұзу деп бағалады. Олар мұндай әрекетті харассментке теңеп, оған құқықтық баға берілуі тиіс екенін жазуда.

«Егер дәл осылай бір ер адам кәмелетке толмаған қыздарға жасаса, қоғамда үлкен дау болар еді. Неге ересек әйелдің жасөспірімдерге тиісуіне көз жұма қараймыз?», «Қоғамдық жерде бейтаныс балаларға қол тигізу – қалыпты нәрсе емес», «Бұл ашық түрде қысым көрсету, бұған тоқтау салынуы керек» деген пікірлер жиі кездесті.

Кейбір желі қолданушылары полиция мен мемлекеттік органдардың ресми парақшаларын белгілеп, блогердің әрекетін тексеруді және жауапкершілікке тартуды талап ете бастады.

Айта кетейік, Аружан Айбекованы Instagram желісінде 1,2 миллионнан астам адам оқиды. Ол бұған дейін де «пранк» видеолары үшін халықаралық деңгейде сынға ұшыраған. Қытайда блогер көшедегі адамдарды көпшілік алдында ұрлық жасады деп айыптап, видео түсірген. Шағымдардан кейін оның парақшасы бұғатталып, Гуанчжоу полициясы тексеріс бастаған. Кейін Айбекова бұл әрекеті үшін кешірім сұраған еді.

Алайда осыған ұқсас жағдай Ташкентте де қайталанды. Онда блогер бейтаныс ер адамдардың жанына отырып, кенеттен қолы мен санына тиген. Бұл видео өзбекстандық әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор