Шымкентте жол апаты жаппай төбелеске ұласып, адам өлімімен аяқталды (ВИДЕО)
Жәбірленушіні күштеп әкетіп, кейін мәйіті табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 20 қаңтар күні Шымкент қаласында Еримбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған жол-көлік оқиғасы ауыр қылмыспен аяқталды. Апаттан кейін басталған жанжал жаппай төбелес пен пышақтасуға ұласып, салдарынан бір ер адам көз жұмды.
Алдын ала дерекке сәйкес, Toyota Camry автокөлігі бағдаршамның қызыл шамына тоқтап тұрған Hyundai Sonata көлігіне соқтығысқан. Hyundai көлігін 34 жастағы қала тұрғыны Н. Ешанкулов басқарған.
Жол апатынан кейін көлік жүргізушілері мен жолаушылар арасында ауызша жанжал туындаған. Көп ұзамай Toyota Camry ішіндегі адамдарға Lexus LX 570 көлігімен келген тағы төрт белгісіз азамат қосылған. Келіспеушілік төбелеске ұласып, қақтығыс барысында М. Қошкенбаев мойын тұсынан пышақ жарақатын алған. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаттары ауыр болған.
Сол төбелес кезінде Н. Ешанкулов пен В. Колесников та түрлі дене жарақаттарын алған. Оқиғадан кейін белгісіз адамдар В. Колесниковты күшпен Toyota Camry көлігіне отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен.
Полиция қызметкерлері кейінірек Toyota Camry мен Lexus LX 570 көліктерін анықтаған. Тергеу дерегінше, жәбірленуші кейін ВАЗ-2114 автокөлігіне ауыстырылып, Ордабасы ауданы бағытына әкетілген.
Кешкі сағат 19:00 шамасында Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Темірлановка ауылындағы орталық аудандық аурухананың маңынан В. Колесниковтың денесі түрлі дене жарақаттарымен табылған.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары күдіктілердің жеке басын анықтау және оларды ұстау бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. ВАЗ-2114 автокөлігі де іздестірілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Материал авторы