484

Елімізде 16 жасқа дейінгілерге әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынбақ

Балаларға TikTok пен Instagram жабылуы мүмкін.

Елімізде 16 жасқа дейінгілерге әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынбақ
Satjawat Boontanataweepol's Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар қызметін реттейтін заңнама жаңартылуда. Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі күн тәртібіне шыққан. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі 16 жасқа толмаған азаматтарға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салуды көздейтін заң жобаларын әзірлеген. Құжаттар онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеуге бағытталған.

Аталған заң жобалары сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға ұсынылды. Оларды тиімді іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігі және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп пайдаланушылардың жасын анықтайтын тетіктерді енгізу жоспарланып отыр. Қажет болған жағдайда жауапкершілік шараларын белгілеу де қарастырылады.

Аида Балаева халықтың медиасауаттылығын арттыру мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауға да басымдық берілетінін атап өтті. Бұл бағытта салалық журналистиканы дамыту жөніндегі комиссия және өзге де механизмдер арқылы жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар заңнамалық деңгейде онлайн-платформалар мен БАҚ арасындағы жарнама табысын бөлу мәселесі қайта қаралмақ. Кейбір тауар түрлерін жарнамалауға қойылған тыйымды ішінара алып тастау мүмкіндігі де талқыланып жатыр.

Материал авторы