960

Шымкенттегі жаппай төбелестен қайтыс болған марқұм белгілі жаттықтырушының ұлы екені айтылды

Полиция төрт күдіктіні ұстады.

Шымкенттегі жаппай төбелестен қайтыс болған марқұм белгілі жаттықтырушының ұлы екені айтылды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте жол үстіндегі жанжал жаппай төбелеске ұласып, адам өлімімен аяқталды. Қайғылы оқиға Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, Toyota Camry көлігінің жүргізушісі бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрған Hyundai Sonata автокөлігінің артқы бамперіне жеңіл соққы жасаған. Осыдан кейін Toyota-дан үш ер адам түсіп, жанжал басталған. Көп ұзамай Lexus LX-570 көлігінен тағы төрт адам жүгіріп шығып, Hyundai жүргізушісі Нұрмахан Ешанқұлов пен жолаушылары Мақсат Көшкенбаев және Василий Колесниковке шабуыл жасаған.

Төбелес кезінде Мақсат Көшкенбаев мойнынан пышақ жарақатын алып, №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Нұрмахан Ешанқұлов соққыға жығылғанымен, ауыр жарақат алмаған. Ал Василий Колесниковты шабуылдаушылар ұрып-соғып, кейін Toyota Camry көлігіне күштеп отырғызып, оқиға орнынан алып кеткен.

Оқиғаға ондаған жүргізуші куә болғанымен, ешкім араша түспеген. Кейбір куәгерлер тек бейнежазба түсірумен шектелген. Кейін полиция екі көлікті де тауып, олардың иесіз қалдырылғанын анықтады.

Бақылау камераларының жазбасына сәйкес, Колесниковты кейін ВАЗ-2114 көлігіне отырғызып, Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарай бет алған. Алайда күдіктілер сол сәтте қолға түспеген.

Шамамен екі сағаттан соң Ордабасы ауданына қарасты Темірлановка ауылында, орталық аудандық ауруханадан алыс емес жерден Василий Колесниковтың денесі түрлі жарақат белгілерімен табылды.

Марқұмның белгілі күрес жаттықтырушысы Александр Колесниковтың ұлы екені белгілі болды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол қайғылы жағдайдан бір күн бұрын ғана жұбайының қайтыс болғанына бір жыл толуын еске алған.

Сонымен қатар тағы бір жәбірленуші Мақсат Көшкенбаевтың да көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ. Полиция қазір бес күдіктіні іздестіріп, 4 күдіктінің ұсталғанын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі Нұрайдың өліміне байланысты ішкі істер министрі Ержан Сәденов полиция полковниктері Алмасбеков пен Саховты қызметтен босатқан болатын. Жаңа басшы тағайындалмай тұрған кезеңде бұл қылмыс тіркелді. Енді істі Шымкент полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Бейсенбаев бақылауына алды. Ол бұған дейін Түркістан облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор