Теңіздегі мұнай өндіру уақытша тоқтатылғанына байланысты министрлік мәлімдеме жасады
Энергетика министрлігі ТШО нысандарындағы жағдайды бақылауға алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Энергетика министрлігі «Теңізшевройл» (ТШО) өндірістік нысандарындағы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Министр Ерлан Ақкенжановтың тапсырмасымен Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Теңіз кен орнында болып, жағдайды бақылауда ұстауда және оператормен өзара әрекеттестікті үйлестіріп отыр.
Министрлік 18 қаңтарда газотурбиналық қондырғылардың тоқтатылуына байланысты орын алған технологиялық бұзушылықты толық зерттеу үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Комиссия құрамына МЕМҚК-ның аймақтық департаментінің, Атырау облысы әкімдігінің Энергетика басқармасының, «KEGOC» жүйелік операторының және ТШО өкілдері кірді.
Министрліктің хабарламасында:
«Мұнай өндірудің уақытша тоқтатылуы оператордың қауіпсіздік хаттамаларына сәйкес қабылданған шара. Комиссия оқиғаның себептерін жан-жақты техникалық талдау үстінде. Барлық ресми қорытындылар мен түсіндірмелер комиссия жұмысы аяқталған соң жарияланатын болады. Жағдай министрліктің бақылауында», – делінген.
Еске салайық, 18 қаңтарда сағат 09:55 шамасында Теңіз кен орнындағы Үшінші буын зауытында (Жылыой ауданы, Атырау облысы) өрт оқиғасы тіркелді. Өрт 52-нүктеде, газотурбиналық генераторлар ГТГ-1 және ГТГ-2 арасындағы трансформатор аймағында басталған. Өрт оқиғасы локализацияланды, зауыт уақытша рециркуляциялық режимге ауыстырылды.
19 қаңтарда ТШО Теңіз және Королевское кен орындарында мұнай өндірудің уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Бұл шешім қауіпсіздік мақсатында, мүмкін болатын тәуекелдерді азайту үшін қабылданды. Қазіргі уақытта техникалық қызметтер оқиғаның нақты себебін анықтап жатыр.
Материал авторы