386

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін полиция қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалды

Полиция қызметкерлері дер кезінде шара қолданбағаны үшін жауапқа тартылды.

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін полиция қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласында студент Нұрай Серікбайдың өлімі полиция департаменті үшін ауыр салдарға әкелді. Қала полициясы қызметкерлеріне қатысты салғырттық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, басшылық қатаң жауапкершілікке тартылды.

Мәліметті ІІМ вице-министрі Санжар Әділов Сенаттағы брифингте жеткізді:

«Президент тапсырмасы бойынша министрлік полиция департаментінің басшысын және оның бірінші орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартты. Олар қызметінен босатылды. Сонымен қатар, салғырттық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл іс полиция қызметкерлеріне қатысты жүргізіліп жатыр, олар қылмыстық істі тіркеу және Нұрай Серікбайға қатысты мәжбүрлеу әрекеті бойынша дер кезінде шара қолданбаған», – деді Әділов.

Еске салайық, 11 қаңтар күні сағат 18:40 шамасында Шымкенттің бір көшесінде 28 жастағы күдікті танысы Нұрай Серікбайға пышақ жарақатын салған. Оқушы алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапқан. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция қызметкерлерінің уақтылы шара қолданбауы мүмкіндігіне қатысты барлық ақпарат пен фактілер бойынша ішкі қызметтік тексеріс тағайындалды.

Одан бөлек, Шымкент қаласының полиция департаменті бастығы Нұрлан Алмасбеков және бірінші орынбасары Құрманбек Сахов, сондай-ақ департаменттің басқа да лауазымды тұлғалары қызметінен босатылды.

Материал авторы