Ақтауда арнайы жасақ қатысқан операцияда үш адам ұсталды
Үш адам сауда орталығында есірткімен ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтау қаласындағы сауда-көңіл көтеру орталығында арнайы жасақ пен полиция қызметкерлері бір топ адамды ұстаған сәттің видеосы әлеуметтік желілерде талқыланып жатыр. Бұл жағдайға Маңғыстау облыстық полиция департаменті ресми пікір білдірді.
Департаменттің мәліметінше, 20 қаңтарда сағат 18:20 шамасында құқық қорғау органдары Арнайы жасақ бөлімшелері мен қызметтік ит қатысқан тексеру шараларын 16-шы шағынаудандағы «Ақтау» сауда орталығында өткізген.
Операция барысында үш адам анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың жеке заттарын тексеру кезінде 150 грамм марихуана табылған.
«Медициналық тексеру қорытындысы бойынша ұсталғандардың ағзаларынан каннабиноид метаболиттері анықталды. Бұл олардың есірткі қолданғанын растайды. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК 440-бабы бойынша сот шешімімен олар арнайы ұстау орнына 10 күнге қамалды», – деп хабарлады Маңғыстау облыстық полиция департаменті.
Сонымен қатар, есірткіні заңсыз сақтау фактісі бойынша ҚР ҚК 296-бабы (заңсыз өндіру, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау – сату мақсатысыз) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандарға үштен жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.
Полиция департаменті атап өткендей, арнайы операция заң аясында жүргізілді және алдын ала анықталған мәліметтерге сәйкес, сауда орталығының келушілері үшін қауіп төніп тұрған жоқ.
Материал авторы