441

«Өтінемін, қойыңдаршы»: Оралда жасөспірімді аяусыз ұрып-соққан видеосы тарады (ВИДЕО)

Оралда зорлық фактісін тексеріп жатыр.

«Өтінемін, қойыңдаршы»: Оралда жасөспірімді аяусыз ұрып-соққан видеосы тарады (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Орал қаласында жасөспірімді аяусыз ұрып-соғу сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда үш мектеп оқушысы көрінеді, олардың бірі қатарласының үстінен күш қолданады, ал оқиғаны сырттан біреу бейнетаспаға жазып тұр.

Telegram-дағы Egov.press арнасында жарияланған жазбада жәбірленуші баланың туыстары бұл жағдайдың бір реттік емес екенін айтқан. Олардың сөзінше, жасөспірім қатарластары тарапынан жүйелі түрде қорлық көрген, ал соққыға жығу сәті әдейі видеоға түсіріліп, мектеп ішінде таратылған.

Бейнежазбада жәбірленуші бала шабуыл жасаушылардан «Өтінемін, қойыңдаршы. Кешіріңдерші» деп жалбарынады.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті аталған видеоға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған жазба бойынша Орал қаласының Абай полиция бөлімі тексеру жүргізген.

Тексеру барысында оқиғаның былтырғы қазан айында болғаны анықталған. Аталған дерек бойынша сол кезде полицияға ресми арыз түспеген.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысы бар барлық жасөспірімдер анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Сондай-ақ жасөспірімдердің ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қосымша материал жиналып, кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды.

Полиция департаменті білім бөліміне де ұсыныс жолдаған. Онда кәмелетке толмағандардың заңға қайшы әрекеттері туралы дер кезінде хабарланбағаны көрсетілген.

Қазіргі таңда жәбірленуші жасөспірімге психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, онымен Психологиялық қолдау орталығының мамандары жұмыс істеуде.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс те тіркелді. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор