SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазіргі жағдайда ипотекаға үй алар ма еді деген сұраққа жауап берді. Ол жеке экономикалық кеңес беруден әдейі бойын аулақ ұстайтынын атап өтіп, тек өзінің ықтимал әрекетін мысалға келтірді.
Сүлейменовтің айтуынша, егер ол тұрғын үй алу қажет болатын жаста болса, асықпай, күте тұрар еді. Себебі жылжымайтын мүлік нарығындағы баға әрқилы бағытта құбылуы мүмкін, ал төлем қабілетті сұраныстың қаншалықты сақталатыны әлі де белгісіз.
«Бағалар өседі деуге де, төмендейді деуге де ерте. Құрылыс компаниялары айтып жүргендей, ҚҚС салдарынан баға бірден 16 пайызға қымбаттайды деу — нақты кепіл емес. Егер сұраныс әлсіресе, баға төмендеуі тиіс. Бірақ ол расымен солай бола ма, жоқ па — оны уақыт көрсетеді», — деді Ұлттық банк төрағасы брифинг барысында.
Ол Ұлттық банктің құрылыс секторына тікелей ықпал ете алмайтынын, алайда инфляция мен ипотекалық мөлшерлемелердің төмендеуі нарыққа оң әсер етуі мүмкін екенін айтты. Сүлейменов инфляцияның биылғы жылдың екінші тоқсанына қарай бәсеңдеуіне үміт артатынын жеткізді.
«Біз кеңес беріп отырған жоқпыз. Мен тек өзім қалай әрекет етер едім — соны айтып отырмын. Егер инфляция екінші тоқсанға қарай тұрақты түрде төмендей бастаса және оның баяулауына қатысты болжамдар нақтыланса, ақша-несие саясатын жұмсартуға, базалық мөлшерлемені төмендетуге кірісеміз. Одан кейін нарықтық мөлшерлемелер де, соның ішінде ипотекалық пайыздар да төмендейді», — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Қазақстанда соңғы үш жылдағы тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелген — небәрі бір айда 53 128 мәміле жасалған. Сарапшылар 2025 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында елде тұрғын үйге сұраныс шамамен екі есеге артқанын атап өткен. Бұл зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін 2026 жылға арналған жеткіліктілік шектерінің өзгеруімен және сол кезеңде жаңа Салық кодексі күшіне енеді деген күтумен байланыстырылған.
RUS