358

Атырауда итті қағып кеткеніне мәз болған жүргізуші жазаланды (ВИДЕО)

Жүргізуші телефон үшін ғана жауапқа тартылған.

Атырауда итті қағып кеткеніне мәз болған жүргізуші жазаланды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда көлік жүргізушісі жол үстінде итті қағып кетіп, күліп жолын жалғастырған сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде резонанс тудырды. Оқиға бейнежазбасы қаңтардың басында жарияланған.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейрим Ердаулеттің айтуынша, жүргізуші видео жарияланғаннан кейін бірден анықталған.

«Жүргізуші жол жағдайын және көктайғақты видеоға түсіріп отырған. Итті қағып кету әдейі жасалмаған. Оқиға орнын тексеру кезінде жануардың өлексесі табылған жоқ. Куәгерлер де оқиғадан кейін иттің қашып кеткенін растады. Сонымен қатар, иттің қараусыз жүргені анықталды. Жануарларға қатыгездік көрсету фактісі бойынша полицияға ешқандай арыз түскен жоқ», — деп түсіндірді ведомство өкілі.

Осыған байланысты жүргізушіге жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін емес, көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Полицияның мәліметінше, телефон қолдану жүргізушінің зейінін төмендетіп, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, бұдан қатаң жаза қолдануға заңды негіз болмаған.

Материал авторы