SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова жол-көлік оқиғасына қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында ресми түрде күдікті деп танылды. Бұл туралы ІІМ вице-министрі Санжар Әділов журналистерге мәлімдеді.
Ведомство өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта тараптар қылмыстық істің материалдарымен танысу кезеңінен өтіп жатыр.
«Қазір қылмыстық істің материалдарымен танысу жүріп жатыр», — деді Санжар Әділов резонанс тудырған іс жөнінде берген түсініктемесінде.
Аталған жол-көлік оқиғасы өткен жылдың 27 шілдесінде Жамбыл облысы аумағындағы Алматы — Екатеринбург тасжолында болған. Toyota Land Cruiser көлігінде спортшының жұбайы, олардың кәмелетке толмаған ұлы және Гүлайым Рахмонованың екі құрбысы отырған.
Көлік Алматы бағытына бет алған сәтте жүргізуші рөлге ие бола алмай, автомобиль аударылып кеткен. Апат салдарынан екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Гүлайым Рахмонова мен баласы түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген. Артынша Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлының ауруханадан шығарылғаны хабарланған.
Шавкат Рахмонов бұл жағдайға байланысты ашық пікір білдірмей, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысқа шыққан жоқ. Отбасы атынан алғашқы мәлімдемені спортшының қарындасы Сора Рахмонова жасаған. Ол 30 шілдеде жарияланған жазбасында қолдау білдірген жандарға алғыс айтып, асығыс қорытынды жасамауға шақырды әрі қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.
«Бауырымның отбасына алаңдап, хабарласып жатқан жандардың баршасына Алла разы болсын. Ешкім мұндай сынаққа тап болмасын. Ертең не боларын бір Алла біледі. Алла Гүлайымды сақтасын. Ол бірден екі жақынынан айырылып, өзі де жарақат алды», — деп жазды Сора Рахмонова.
Өткен жылдың тамыз айында Гүлайым Рахмонованың осы іс бойынша тергелгені белгілі болған. Ол кезде полиция оның «қорғануға құқығы бар куә» мәртебесінде болғанын хабарлаған.
RUS