«Атеистер маймылдан шыққан»: Діни уағызшының мәлімдемесі қоғамда қайта резонанс тудырды (ВИДЕО)
Уағызшының атеистерге қатысты сөзі желіде наразылық туғызды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Исламтану ғылымдарының PhD-докторы, діни уағызшы Нұржан Смағұлов атеистерге қатысты айтқан мәлімдемелерімен тағы да қоғам наразылығын туғызды. Бұл жолы ол дін ұстанбайтын азаматтарды жануарлармен салыстырып, әлеуметтік желіде қызу пікірталасқа себеп болды.
Әлеуметтік платформаларда “Mihrabkz” YouTube арнасына берген «Нұржан Смағұлов: «Атеизм — XXI ғасырдың ең үлкен алдауы ма?» атты сұхбатынан үзінді кеңінен тарады. Видеода уағызшы Ахмет Байтұрсынұлының «Маймыл» өлеңіне (Иван Крыловтың «Обезьяна» мысалының аудармасы) өзінше талдау жасап, қорытынды шығарады. Алайда бұл пайымы көпшілік тарапынан өткір сынға ұшырады.
Пікір қалдырған желі қолданушылары мұндай сөздердің қоғамды бөлетінін, діни көзқарасқа байланысты кемсітуді күшейтетінін алға тартты.
«Осындай мәлімдемелер Исламға деген теріс көзқарас қалыптастырады», «Өзі үлгі тұтатын шәкірттеріне осылай үйрете ме?», «Алдыңғы жанжалдардан кейін неге нақты жауапкершілікке тартылмады?» — деп жазды олар.
Бұл — аталған сұхбатқа қатысты алғашқы дау емес. Бұған дейін Смағұловтың «мұсылман адам кісі өлтірсе де, қайырымдылықпен айналысатын атеистен жоғары тұрады» деген сөзі де қоғамда үлкен резонанс тудырған. Ол мәлімдеме зорлық-зомбылықты ақтау, азаматтарды діни белгісі бойынша кемсіту және Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі қағидаттарына қайшы пікір ретінде бағаланған.
Сұхбаттың тағы бір бөлігінде уағызшы атеистерді сиырмен теңестіргеннен кейін наразылық жаңа деңгейге шықты. Кейінірек ол кешірім сұрағанымен, «Енді атеистер маймылдан шыққан деп айтамын» деген сөзін қайталады. Қоғам өкілдері бұл әрекетті қорлайтын әрі келемеж сипаттағы ұстаным деп қабылдады.
Айта кетейік, бұған дейін «Нұр-Мүбарак» университеті дауға қалған имамға қатысты тек ескерту жасаумен шектелгені хабарланған болатын.
Материал авторы