«Қазақ тілі үстем болуы тиіс»: Астанада депутат қазақ тілінде сөйлеу туралы талап қойды (ВИДЕО)
99,9% қазақтар отырмыз деп сынға алды депутат.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада өткен қалалық мәслихаттың кезекті отырысында мемлекеттік тілдің қолданысына қатысты мәселе қайтадан күн тәртібіне шықты. Қала мәслихатының бюджет және экономика мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Кендебай Адамбек баяндамашыларға есептерін қазақ тілінде ұсыну қажеттігін қатаң ескертті.
Отырыс барысында депутат жиынға қатысушылардың басым бөлігі қазақ ұлтының өкілдері екенін алға тартып, ресми отырыстарда мемлекеттік тілдің басым қолданылуы заңды әрі орынды талап екенін айтты.
Кендебай Адамбектің сөзінше, Қазақстан тәуелсіздік алғанына 34 жыл толса да, ресми жиындарда қазақ тілінің екінші қатарда қалуы түсініксіз жағдай. Ол кеңес кезеңінде қысқа уақыт ішінде қазақ қоғамының орыс тіліне жаппай бейімделіп кеткенін атап өтіп, бұл үрдістің салдары әлі күнге дейін сезіліп отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, бұл — мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының биылғы алғашқы отырысы. Күн тәртібінде Астана қаласы әкімдігіне қарасты ведомстволық мекемелердің жұмыс тиімділігін арттыру, иесіз нысандарды қабылдау барысы, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуы мәселелері қаралды.
Жиын барысында негізгі баяндаманы екі басқарма басшысы жасаса, қосымша ақпаратпен алты ведомстволық мекеменің жетекшісі депутаттар алдында есеп берді.
Материал авторы