«Қыздардың тілі қайда бара жатыр?»: 5-сыныптағы қыздың балағатқа толы хаттары қоғамды дүр сілкіндірді
Тарап кеткен хаттардан соң ата-аналар мен ұстаздар дабыл қақты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде 5-сыныпта оқитын қыздың сыныптас ұл балаға жолдаған балағат сөздерге толы хаттары жарияланып, қоғамда қызу талқылау тудырды. Хаттарды ұл баланың анасы Threads платформасында бөліскен.
Анасының жазуынша, тек бір қыз емес, сыныптағы бірнеше оқушы дәл осындай тілде сөйлейді. Оның айтуынша, баласы мектептен жиі ренжіп келеді және қыз балалар тарапынан боқтық сөз естіп, кейде күш қолдануға дейін барған жағдайлар болған.
«Ұлдарымызды қыздарға қол көтермеуге, жаман сөз айтпауға тәрбиелеп жатырмыз. Ал қыздардың сөйлеу мәдениеті қай деңгейде?» – деп жазды ол.
Жазба желіде кең таралып, қолданушылар Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан мектептегі тәрбие мәселесіне нақты шара қабылдауды талап етті.
Жағдайға қатысты Qazbilim ұлттық лицейлер желісінің басшысы Аятжан Ахметжан да пікір білдірді. Ол 16 жылдық ұстаздық тәжірибесіне сүйене отырып, оқушылар арасындағы боқтық сөздің, әсіресе қыз балалар арасында таралуы өте ауыр құбылыс екенін атап өтті.
Ахметжанның айтуынша, мәселенің түп-тамыры мектептен емес, қоғамнан басталады. Үлкендердің күнделікті өмірде, көшеде, тойда, тіпті отбасында бейәдеп сөздерді қалыпты нәрсе ретінде қолдануы балаларға тікелей әсер етеді.
«Балалар – үлкендердің айнасы. Қоғамда боқтап сөйлеу батырлық, тренд, назар аудартудың тәсіліне айналды. Әлеуметтік желілерде де әдеп шекарасы жоғалды. Жас шектеуі жоқ ортада бала соның бәрін сіңіріп өсіп жатыр», – деп жазды ол.
Ұстаздың пікірінше, мектеп қанша тәрбие бергенімен, қоғамдағы жалпы мәдениет өзгермейінше, мәселе түбегейлі шешілмейді. Ол ата-аналарды, педагогтарды және қоғамды бірлесіп ойлануға шақырды.
Материал авторы