«70 пакетик табылды»: Шымкентте жасөспірімдер есірткі сатумен ұсталды
Наркобизнеске қатысы бар бірнеше адам ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласында полиция есірткі саудасына қатысы бар деп күдікке ілінген бірнеше адамды ұстады. Олардың қатарында кәмелетке толмағандар да бар. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, қала аумағында есірткі таратумен айналысқан екі жасөспірім қолға түскен. Тексеру барысында олардан психотроптық заттар салынған 70 пакетик тәркіленді. Сонымен қатар күдіктілердің уақытша тұрған жерінен тыйым салынған заттары бар тағы төрт қап табылған.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция кәмелетке толмағандардың есірткі қылмысына тартылуы әлі де өзекті мәселе екенін атап өтті. Ведомство мәліметінше, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз сату үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан бастап қарастырылған. Осыған байланысты ата-аналарға балаларын қатаң бақылауда ұстау жөнінде ескерту жасалды.
Сондай-ақ жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкентте есірткі сатумен айналысқан жергілікті тұрғын да ұсталды. Одан изолентамен оралған, арнайы жасырын орындарға қалдыруға дайындалған 37 орама есірткі заты тәркіленген.
Материал авторы