«Хлор қосылған зат шашқан»: Ақмола облысында мәслихат төрағасының үйін тонағандар сотталды
Үйдегілерді жертөлеге қамап, үйдегі барлық дүниені қолды еткен қаскөйлер сотталып кетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысындағы Астрахан аудандық соты аса ірі көлемде жасалған тонау және тұрғын үйге заңсыз кіру, сондай-ақ алдын ала сөз байласқан адамдар тобының автокөлікті айдап кету дерегі бойынша үш ер адамға үкім шығарды.
Сот мәліметінше, 2025 жылдың шілде айында Тараз қаласының екі тұрғыны мен Шымкенттен келген тағы бір азамат Ақмола облысындағы Астраханка ауылына арнайы келген. Олар жергілікті тұрғынның үйінде қомақты қаражат пен құнды заттар бар деп топшылаған.
Түнгі уақытта күдіктілер бетперде киіп, хлор құрамды зат шашатын құралды пайдалана отырып, тұрғын үйге заңсыз кірген. Үй ішінде бірнеше ересек адам мен кәмелетке толмаған бала болған. П. мен Е. жәбірленушілерге күш қолданып, ақша мен зергерлік бұйымдарды талап еткен.
Қолма-қол ақша мен бағалы заттарды алып кеткеннен кейін, қылмыскерлер үй тұрғындарын жертөлеге қамап, өз іздерін жасыруға әрекет жасаған. Кейін олар ауладағы автокөлікті заңсыз мініп, қылмыс орнынан кеткен. Алдын ала келісім бойынша көліктің ішінде үшінші қатысушы — Ш. күтіп отырған.
Кейін күдіктілер Астана арқылы Тараз қаласына жетіп, ұрланған мүлікті өз қалауларынша жұмсаған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 4,2 млн теңгені құрады.
Сот шешімімен П. мен Е. бұрынғы сот үкімдерін ескере отырып, әрқайсысы 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді. Ал Ш. 5 жыл мерзімге орташа қауіпсіздік мекемесіне жіберілді. П. мен Е.-нің әрекеттерінен қауіпті рецидив белгілері анықталды.
Сонымен қатар сот сотталғандардан жәбірленушілерге келтірілген 4,2 млн теңге материалдық шығынды ортақ тәртіппен өндіруді және екі жәбірленушіге әрқайсысына 2 млн теңгеден моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді.
Бұдан бөлек, Жамбыл және Түркістан облыстарының полиция департаменттеріне қатысты жеке қаулы шығарылды. Сот олардың бұрын шартты түрде босатылған П. мен Е.-ге тиісті бақылау жүргізбегенін атап өтті.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін жарияланған ақпаратқа сәйкес, қылмыс 2025 жылғы 15 шілдеге қараған түні жасалған. Тонау нысаны Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметтің үйі болған.
Материал авторы