SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина не себепті Қазақстан туы астында ойнауды таңдағанын айтты. Australian Open турнирі аясындағы баспасөз мәслихатында спортшы бұл шешім оның кәсіби жолындағы маңызды бетбұрыс болғанын атап өтті.
Журналистер Рыбакинадан Қазақстан азаматтығы оның мансабына қалай әсер еткені туралы сұрады. Теннисші бұл оқиғаның біраз уақыт бұрын болғанын еске алды.
«Бұл өте ерте кезең еді. Мен мектепті енді ғана бітіргенмін. Алдымда нақты таңдау тұрды: АҚШ-та оқуды жалғастыру немесе кәсіби тенниске толықтай бет бұру. Қаржылық тұрғыда бұл оңай шешім болған жоқ. Бірақ WTA турнирлерінің бірінде жақсы нәтиже көрсетіп, мені сол кезде байқады», – деді Рыбакина.
Ол Қазақстан тарапынан көрсетілген қолдауға ерекше ризашылығын білдірді.
«Қазақстанға алғысым шексіз. Осы жылдар бойы ел намысын қорғап, көптеген титул әкелу – мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстанға қайта оралып, өзімді үлгі тұтатын жас спортшыларды көрген сайын ерекше әсер аламын. Жалпы, елдегі теннистің деңгейі айтарлықтай өсті деп ойлаймын», – деп атап өтті спортшы.
Айта кетейік, бұған дейін Юлия Путинцева да азаматтық ауыстыру мәселесіне тоқталып, Қазақстанға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқан болатын.
Еске салсақ, бүгін Рыбакина Australian Open турнирінің төртінші айналымында бельгиялық Элизе Мертенсті сенімді түрде жеңді — 6:1, 6:3. Кездесу 1 сағат 17 минутқа созылды. Ширек финалда қазақстандық теннисші австралиялық Мэддисон Инглис пен польшалық Ига Швентек арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
RUS