«Ұйымдастырылған қастандық»: Шымкенттегі кісі өліміне қатысты жаңа деректер айтылды
Жол үстіндегі төбелестің салдарынан бір адам қаза тауып, біреуі ауруханаға түскен еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте жол үстіндегі төбелес кісі өлімімен аяқталған резонансты іске байланысты жәбірленуші тараптың адвокаты Талғат Есімов жаңа мәліметтерді жария етті. Оның айтуынша, күдіктілер қылмысты алдын ала жоспарлап, соған арнайы дайындалған.
Өткен аптада интернетте Шымкенттегі жол-көлік оқиғасының видеосы тараған еді. Кадрларда екі көліктің соқтығысуы жаппай төбелеске ұласып, оған үшінші автокөліктің қосылғаны көрінеді. Қақтығыс салдарынан бір ер адам пышақ жарақатын алып, оқиға орнында қаза тапқан. Ал тағы бір азаматты күшпен көлікке отырғызып, қала сыртына алып кеткен. Кейінірек оның мәйіті сол маңнан табылды.
Адвокат Талғат Есімов бұл жағдайды кездейсоқ жанжал деп бағалауға үзілді-кесілді қарсы.
«Барлық БАҚ мұны жол ережесін бұзудан басталған төбелес деп жазып жатыр. Алайда жол қозғалысы ережесін бұзу — әдейі ұйымдастырылған қақпан болды. Ешкім өз көлігін ойлаған жоқ. Негізгі мақсат — Колесников Василийді ұрлап әкетіп, кейін өлтіру еді. Бұл жоспар толығымен іске асырылды», — деді ол.
Есімовтің айтуынша, полиция бұл істе жедел әрі кәсіби әрекет еткен. Алғашқы тәулікте бес адам ұсталып, кейін тағы бірнеше күдікті қамауға алынған. Қазіргі уақытта бір адамға іздеу жарияланған.
«Бұл адамдардың ашықтан-ашық, өктем әрекеті — қоғамға тасталған шақыру. Мемлекет басшысы ұстанып отырған басты қағида — заң мен тәртіп. Сондықтан бұл іс ашық сот процесінде қаралып, барынша қатаң жаза тағайындалуы тиіс. Біздің ұстаным — өмір бойына бас бостандығынан айыру. Мұндай адамдардың қазіргі қоғамда орны жоқ», — деп түйіндеді адвокат.
Еске салайық, аталған факті бойынша «Адам өлтіру», «Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық» және «Адам ұрлау» баптарымен үш бірдей қылмыстық іс қозғалды.
Тергеуді Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты өз бақылауына алып, Шымкентке криминалдық полиция, тергеу департаменті және өзіндік қауіпсіздік қызметінің басшылары жіберілді.
Сондай-ақ бүгін төбелес кезінде ауыр жарақат алған тағы бір жәбірленушінің жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылғаны белгілі болды.
Материал авторы