«Көзіңді ойып тастайын ба?»: Түн ортасында семейлік әйелдің әрекеті қоғамды алаңдатты (ВИДЕО)
Әйел қыздың артынан ілесе еріп, онымен ерегескен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде Семей қаласының тұрғыны түн ортасында болған жанжал туралы жазба жариялап, көпшіліктің назарын аударды. Әйелдің айтуынша, белгісіз адам подъезд маңында агрессия танытып, қорқыту сөздерін айтқан. Оқиғаға қатысты Абай облысының полиция департаменті түсініктеме берді.
Threads әлеуметтік желісінде тараған жазбада Семей тұрғыны 2026 жылғы 25 қаңтарда түнгі 03:21 шамасында үйіне қайтып келе жатқанын жазады. Оның айтуынша, жолда белгісіз әйелді байқап, кейін ол адам подъезге дейін соңынан ерген.
«Есікті ашып, алдымен өзі кірсін деп едім, қолын сермеп, айқайлай бастады. “Өзің кір!” деп балағаттады. Сол сәтте подъезге кіру қауіпті екенін түсіндім», — деп жазды ол.
Жәбірленушінің сөзінше, бейтаныс әйел агрессивті мінезін жалғастырып, артынан қалмай, қорқыту сипатындағы сөздер айтқан. Соның ішінде «Көзіңді ойып тастайын ба?» деген тіркес те болған.
Қатты қорыққан әйел туысына хабарласып, көмек сұраған.
«Тек солай ғана үйге кіре алдым. Ол менімен бірге кіруге тырысты, бірақ ағам есікті жауып үлгерді. Содан кейін ол ағамды да балағаттады», — делінген жазбада.
Автор оқиғаны видеоға түсіре бастағанын, сол кезде әлгі әйел өзін жәбірленуші ретінде көрсетуге тырысқанын да атап өтті.
«Қазір кеш болса да, әлі қорқып отырмын. Ол енді күнде немесе түнде тосып жүрмей ме деген үрей бар», — деп жазды Семей тұрғыны.
Аталған жағдайға қатысты Абай облысы полиция департаменті тексеру жүргізілгенін хабарлады.
«2026 жылғы 25 қаңтарда сағат 03:21 шамасында Семей қаласының Қарағайлы шағынауданындағы тұрғын үйдің бір подъезі маңында екі азаматша арасында ауызша жанжал болғаны анықталды», — деп мәлімдеді полиция.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, жанжал кезінде 24 жастағы әйел бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
«Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, түсініктеме алынды. 24 жастағы азаматшаға ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды», — деп нақтылады полиция өкілдері.
Материал авторы