525

«Біреу мені дуалады»: Рамазан Амантай артық салмақ жинауының себебін айтты

Рамазан Амантай сұхбат кезінде жылап қалды.

«Біреу мені дуалады»: Рамазан Амантай артық салмақ жинауының себебін айтты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал актер әрі кинопродюсер Рамазан Амантай журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында соңғы жылдары өзін мазалаған мәселелерді ашық айтты. Өнер иесі әлеуметтік желі мен қоғам тарапынан айтылған ауыр сындар психологиялық қысымға айналғанын жасырмады.

Рамазан Амантайдың айтуынша, артық салмаққа қатысты әңгіме алғашында әзіл ретінде қабылданған. Алайда уақыт өте келе сын күшейіп, жеке өміріне де әсер ете бастаған.

«Өзіме қиын болып кеткенін баяғыда сездім. Бәрі салмағым 100 келіден асқанда басталды. Ол кезде қатты сын болған жоқ. Өзіміз де еркелетіп «балақай» дейтінбіз. Кейін жағдай өзгерді. Ауыр сөздер жиілеп кетті. Оған да бірте-бірте иммунитет қалыптасты. Бірақ отбасым қатты уайымдайды. Сондықтан көрермендерден отбасым үшін артық сөз жазбауды сұраймын», — деді ол.

Актер артық салмақтың күнделікті өмірді айтарлықтай қиындатқанын мойындады. Оның айтуынша, кәсіби жүктеме мен тұрақты күйзеліс денсаулыққа салғырт қарауға алып келген.

«Мен үлкен додаға тым ерте кіріп кеткен сияқтымын. Продюсерлік — жауапкершілігі ауыр жол. Күн сайын жүз мәселемен оянғанда, салмаққа мән бермей кетесің. Кейде алаяқтарға да тап боласың. Бір апта бұрын жаттығу залына 161,5 килограмм салмақпен бардым. Қазір 156 килограммын. Бес келі тастадым. Ал бастапқыда салмағым небәрі 70 келі еді. Жыл сайын он килодан қосып отырғанмын», — дейді Рамазан Амантай.

Ол артық салмақтың физикалық тұрғыда да үлкен қиындық тудырғанын айтты.

«Аяқ киім кие алмаймын. Ұнататын киімдерім жарамайды. Ұйқы бұзылды. Осыдан кейін халықтың айтуымен түрлі көріпкелдер мен емшілер жаза бастады. Ақыры шариғатқа сай адамға бардым. Ол кісі «дуаланғансың, сыртқы күштердің әсері бар» деді», — деп түйіндеді актер.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор