341

Қостанайлық әйел көлігіне құлаған ағаш үшін миллиондаған ақша өндіріп алды

Әйел әкімдіктен өтемақы өндірді.

Қостанайлық әйел көлігіне құлаған ағаш үшін миллиондаған ақша өндіріп алды
valentynsemenov / canva

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда апелляциялық сот ағаштың құлауы салдарынан көлігіне келген залалды өтеу туралы әйелдің талабын қанағаттандырды. Бұл туралы Қостанай облысы соттары жазды.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың сәуір айында Қостанай қаласында тұрғын үйдің маңында құлаған ағаш талапкерге тиесілі Mazda J автокөлігін зақымдаған. Тәуелсіз сарапшының қорытындысына сәйкес, амортизациялық тозуды есепке алғандағы жөндеу құны 2 миллион теңгеден асқан.

Зардап шеккен әйел сотқа жүгініп, ағаштың ортақ пайдаланудағы аумақта орналасқанын, ал оны күтіп-ұстау және апатты жағдайдың алдын алу міндеті жергілікті атқарушы органға — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жүктелгенін көрсетті.

Алайда Қостанай қалалық соты жауапкердің кінәсі дәлелденбеді деген уәжбен талапты қанағаттандырудан бас тартқан.

Апелляциялық сот алқасы істі қайта қарап, бірінші сатыдағы соттың шешімін жойды және талапкердің арызын толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарды.

Сот алқасы жасыл желектерді күтіп-ұстау мен қорғау тәртібі облыстық мәслихат бекіткен қағидалармен реттелетінін атап өтті. Аталған құжаттарға сәйкес, уәкілетті органға қауіпті ағаштарды есепке алу, түгендеу және уақытылы санитарлық кесу міндеті жүктелген.

«Талапкердің көлігіне зақым келтірген ағаш «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің қарауында болғаны анықталды. Жауапкершілікті кондоминиумға жүктеу туралы уәждер негізсіз деп танылды, себебі кондоминиум белгіленген тәртіппен тіркелмеген», — делінген сот қаулысында.

Сондай-ақ сот IKomek жүйесі арқылы тұрғындардың қауіпті ағаштарды кесу жөніндегі өтініштері уәкілетті органға жолданғанын, алайда тиісті шаралар қабылданбағанын және жауапкер тарапынан өз міндеттерін тиісінше орындағанын растайтын дәлелдер ұсынылмағанын ескерді.

Осыған байланысты апелляциялық алқа мүлікке келген залал уәкілетті органның кінәсінен болған деген қорытындыға келді. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Материал авторы