Жылына 20 млн теңгеден асады: Энергетика министрі жалақысын жария етті
Ерлан Ақкенженов айына қанша жалақы алатынын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжіліс кулуарында журналистерге табыс декларациясына енгізген кірістері туралы түсінік берді. Оның айтуынша, декларацияда көрсетілген сомаға тек жалақысы мен заңды сыйақылары ғана енгізілген.
Брифинг барысында журналист министрден бұрын тапсырылған кіріс декларациясын нақтылап беруді сұрады. Ерлан Ақкенженов қосымша табыс көздерінің жоқ екенін, барлық кіріс тек қызметтік жалақыдан құралатынын айтты.
Министрдің сөзінше, ай сайынғы еңбекақысы шамамен 1 миллион 200 мың теңгені құрайды.
«Егер тек жалақы туралы айтсақ, айына орта есеппен 1 миллион 200 мың теңге аламын», — деді ол.
Журналистер сыйақылардың бар-жоғын және декларацияда нақты қанша сома көрсетілгенін сұрағанда, министр барлық премиялық төлемдер де есепке алынғанын мәлімдеді.
«Премиялық төлемдер бар, олардың барлығы декларацияда көрсетілген. Жалпы сома — 20 миллион теңгеден сәл асады», — деді Ерлан Ақкенженов.
Министр бұл көрсеткішке тек ресми жалақы мен сыйақылар кіргенін, өзге кіріс көздері жоқ екенін атап өтті.
Материал авторы