Көкарна тұрғынының мәйіті Жайықтан табылды
Бір айға жуық уақыт бойы іздеуде болған Талғат Назаровтың мәйіті өзен түбінен табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 9 қаңтардан бері хабар-ошарсыз кеткен 59 жастағы Талғат Назаровты іздеу жұмыстары ресми түрде аяқталды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 28 қаңтар күні ер адамның денесі Жайық өзенінен табылған. Мәйіт шамамен екі метр тереңдікте, бұған дейін марқұмның жеке заттары анықталған аумақтан небәрі жүз метр қашықтықта жатқан. Денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Еске салайық, Талғат Назаров Атырауға Көкарна ауылынан келген. Туыстарының айтуынша, ол қалаға дәрігердің кеңесін алу үшін шыққан, алайда сол күйі үйіне оралмаған. Арада бірнеше күн өткен соң Жайық жағасынан оның ұялы телефоны мен бас киімі табылған.
Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және еріктілер тартылды. Мамандар өзен жағалауын да, түбін де тексеріп, сүңгуірлік жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар суасты дроны мен ұшқышсыз басқарылатын аппарат пайдаланылды. Алайда қатты ағыс, судың лайлылығы және күрделі гидрологиялық жағдай іздеуді айтарлықтай қиындатқан.
Қазіргі таңда ер адамның қаза болу себептері анықталып жатыр.
Материал авторы