SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дәрігерге жасалған шабуыл адам өлімімен аяқталды. Қайғылы оқиға 28 қаңтар күні шамамен сағат 14:00-де медициналық мекеменің дәлізінде болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, белгісіз ер адам терапевт-дәрігерге пышақпен ауыр жарақат салған. Алған жарақаттарының салдарынан 29 жастағы медицина қызметкері көз жұмды.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция таратқан ресми ақпаратта:
«28 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында 29 жастағы ер адам пышақ жарақатынан қайтыс болды. Алдын ала деректер бойынша, жанжал тұрмыстық-сипаттағы отбасылық кикілжің негізінде туындаған. Оқиғадан кейін күдікті өз еркімен Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына келіп, кінәсін мойындады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», — делінген.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылғы 25 желтоқсанда медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар бойынша статистиканы жариялаған болатын. Ведомство дерегіне сәйкес, 2019 жылдан бері елімізде 280 дәрігер мен медбике түрлі деңгейдегі шабуылдан зардап шеккен.
RUS