«Қызым суицид жасады»: Алматыдағы жекеменшік мектепте бұрынғы әкімнің қызы сыныптасына буллинг жасаған
Бір жылға созылған қорлыққа элиталық мектептің мұғалімдері бей-жай қараған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы жекеменшік мектепте оқитын жасөспірім қыз ұзақ уақытқа созылған буллингтен кейін ауыр хәлге түсті. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында. Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды.
Баланың әкесі, Facebook қолданушысы Қанат Амиркиннің айтуынша, қызы бір жыл бойы сыныптастарынан қорлық көрген. Ол бұл жағдайды мектеп әкімшілігіне бірнеше рет жеткізгенімен, нақты әрекет жасалмаған.
«Бұл кенеттен болған жағдай емес. Бұл — ескерту, өтініш, дабылдардың еленбеуінің салдары. Мен мектепке талай рет бардым, басшылыққа кіре алмадым, ресми жауаптармен шектелді», — деп жазды ол.
Ер адамның сөзінше, буллинг сабақ үстінде де жалғасқан, ал мұғалімдер оны тоқтатпаған. Кей жағдайда мазақ пен қорлауға көз жұма қараған. Мектеп әкімшілігі сыныптарда бейнебақылау жоқ екенін айтып, «жеке өмір» ұғымын алға тартқан.
Журналист Гүлбану Әбенованың пікірінше, бұл жағдай — жекелеген мектептің емес, жүйелі мәселенің көрінісі. Ол буллингке қатысы бар деп аталған 14 жастағы қыздың экс әкімнің баласы екені қоғамдағы теңсіздік пен жауапсыздықты айқын көрсететінін айтады.
«Қымбат жекеменшік мектептерде оқитын, билікке жақын отбасылардың балалары өздерін ешқашан жазаланбайтындай сезінеді. Бұл — отбасындағы тәрбие мен құндылықтың көрінісі. Мемлекетті «құндылыққа» үйрететіндердің өз үйлерінде сол құндылықтың жоқтығы — ең қауіпті нәрсе», — деді ол.
Ата-ананың айтуынша, буллингке бұрынғы Алматы әкімінің 14 жасар қызы қатысқан. Бұл жайтты тексеру талап етіліп отыр. Ер адам істі жария түрде көтеріп, жекеменшік мектептердегі педагогтер мен әкімшіліктің жауапкершілігін күшейтуді талап ететінін мәлімдеді.
Қоғам белсенділері мен ата-аналар бұл оқиға жекеменшік білім беру ұйымдарындағы бақылау, жауапкершілік және буллингтің алдын алу жүйесін қайта қарау қажеттігін талап етті. Әзірге Оқу-ағарту министрлігі оқиғаға қатысты мәлімдеме жасамады.