«Балдақпен жүр»: Шавкат Рахмоновқа тағы да операция жасалды (ВИДЕО)
Отандық файтер жарақат салдарынан кезекті операциядан өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақтың UFC жауынгері Шавкат Рахмонов денсаулығына байланысты тағы да операция жасатқанын мәлімдеді. Соның салдарынан оның октагонға оралуы кейінге шегерілді. Бұл туралы спортшы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Рахмоновтың айтуынша, жарақат салдары кезекті хирургиялық араласуға алып келген.
«Жауынгер жолы ешқашан жеңіл болған емес. Өмір біз көтере алмайтын сынақты бермейді. Әр арманның өз құны бар. Кейде сол құн – сенің денсаулығың», – деп жазды спортшы.
Соған қарамастан, Шавкат Рахмонов спорттық мансабын жалғастыруға бекінді екенін атап өтті.
«Мен бұрынғыдан да мықты, ақылды әрі жеңіске бұрынғыдан да аш болып ораламын. Мақсатым сол күйі тірі. UFC белбеуі әлі Қазақстанға келуі тиіс», – деді ол.
Сондай-ақ спортшы жанкүйерлеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
«Қандай жағдай болса да қолдап жүрген баршаңызға рақмет. Бұл жолдың соңы емес, керісінше маңызды бір кезеңі ғана», – деп жазды Рахмонов.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде тараған кадрларда спортшы балдақпен жүріп, тізесіне арнайы таңғыш тағып жүргені байқалады. Шавкат Рахмоновтың жарақаттан кейінгі жағдайы жанкүйерлер арасында алаңдаушылық тудырып отыр.
Еске салайық, Шавкат Рахмонов соңғы рет октагонға 2024 жылғы желтоқсанда UFC 310 турнирінде шыққан. Ол бастапқыда чемпиондық белбеу үшін америкалық Белал Мухаммадпен жекпе-жек өткізуі тиіс болған.
Алайда Белал Мухаммад жарақатына байланысты кездесуден бас тартқан соң, Рахмонов титулдық емес айқасқа келісіп, Иэн Гарримен жұдырықтасты.
Жекпе-жек небәрі бес раундқа толық созылып, қазақстандық файтердің төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетуімен аяқталды. Бұл нәтиже оның дивизиондағы рейтингтегі орнын одан әрі нығайтты.
Материал авторы