SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жаңаөзен қаласында аурухана дәлізінде 29 жастағы терапевт-дәрігер Нұрдәулет Аманғалиев кісі қолынан қаза тапты. Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның қарындасы Меруерт Жамбылқызы ағасын еске алып, желіде жүректі тебірентерлік жазба жариялады.
"Тым көп сынақты бастан өткіздің, той да көрмепсің. Ақкөңіл жүрегің әрқашан көмектен босамады… Бірге қыдырып үлгермедік. Өзіңді ойламадың ғой. Балам, отбасым деп жүріп, сондай зұлымдарға тап болдың. Сенің мейіріміңді пайдаланып істегендеріңді ешқашан кешірмейміз! Қош бол, ағам, жаның жәннатта болсын", – деп жазды Меруерт.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 28 қаңтар күні сағат 14:00-де медициналық мекеменің дәлізінде болған. Белгісіз ер адам дәрігерге пышақ жарақатын салған, нәтижесінде Нұрдәулет Аманғалиев қайтыс болған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жанжал тұрмыстық сипаттағы отбасылық кикілжіңнен туындаған. Күдікті өз еркімен Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына келіп, кінәсін мойындаған. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылғы 25 желтоқсанда медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар статистикасын жариялаған болатын. 2019 жылдан бері елімізде 280 дәрігер мен медбике әртүрлі деңгейде шабуылға ұшыраған.
RUS