«Түкке тұрғысыз бейшара»: Трамп өзін Эпштейнмен байланыстырып әзілдеген жүргізушіні қорқытты
Әзілкешті президент сотқа бермек.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп «Грэмми» сыйлығының жүргізушісі, комик Тревор Ноаның өзіне және Джеффри Эпштейнге қатысты айтқан әзілі үшін сотқа жүгінетінін мәлімдеді.
Трамп бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды. Ол алдымен «Грэмми» рәсімін өткір сынға алып, марапаттау кешін «ең нашар шоу» деп атады және оны көру «мүлде мүмкін емес» екенін мәлімдеді.
Одан кейін президент жүргізушінің Трамп пен Билл Клинтонды Эпштейнмен байланыстырған сөздеріне жеке тоқталды.
«Мен Билл үшін жауап бере алмаймын, бірақ өзім Эпштейннің аралына да, оған жақын ешбір жерге де барған емеспін. Бүгінгі жалған әрі жала жабатын мәлімдемеге дейін мұндай айып тағылған емес – тіпті жалған ақпарат тарататын медиада да болмады. Ноа өз деректерін ретке келтіруі тиіс және оны өте жылдам жасауы керек», – деп жазды Дональд Трамп.
Ақ үй басшысы комикке қарсы заңгерлерін жұмылдырып, сотқа талап-арыз беретінін де ашық айтты.
«Бұл түкке тұрғысыз бейшара, қабілетсіз жүргізушіні сотқа беріп, қомақты өтемақы өндіріп алу үшін адвокаттарымды жіберетін сияқтымын», – деп жазды Трамп.
Айта кетейік, «Грэмми» рәсімі кезінде Тревор Ноа әнші Билли Айлишті сахнаға шақырып тұрып, әзіл ретінде:
«Грэмми – әрбір әртіс алғысы келетін марапат. Трамп Гренландияны қалай қаласа, дәл солай қалайды. Себебі Эпштейн қайтыс болған соң, оған Билл Клинтонмен бірге демалатын жаңа арал керек», – деген сарында қалжың айтқан.
Дональд Трамп бұл сөздерді жала әрі жалған ақпарат деп бағалап, олар өз беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті.
Материал авторы