Астаналық ер адам сауда үйін 473,6 млн теңгеге «лақтырып» кетті
Күдікті жалған промокодтарды пайдаланып, қымбат техникаларды алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада ірі сауда үйінің қызметкері он танысымен сөз байласып, тұрмыстық техниканы төмендетілген бағамен сатып алу үшін жалған промокодтар рәсімдеген.
Қала прокуратурасының мәліметінше, күдікті сауда желісінің ішкі жүйесін пайдаланып, фиктивті жеңілдіктерді рәсімдеу арқылы тауарларды арзан бағамен алған.
Заңсыз жолмен алынған өнімдер қатарында iPhone ұялы телефондары, ноутбуктер, теледидарлар мен тоңазытқыштар болған. Кейін бұл тауарлар үшінші тұлғаларға қайта сатылған.
Прокуратураның хабарлауынша, сауда үйіне келтірілген жалпы залал көлемі 473,6 млн теңгені құраған.
«Қылмысқа қатысқан небәрі 10 адам сот үкімімен 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптар толық қанағаттандырылды», – деп мәлімдеді Астана қаласының прокуратурасы.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы