SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде 33 жастағы тұрғын жеке медициналық орталыққа қолының ауыратынын айтып, тексеруден өту үшін келген. Ер адам бұған дейін сотты болған, тұрақты жұмысы жоқ.
Оқиға күні клиникада жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, қабылдау кешіктірілген. Дәрігерді күтпей жүрген науқас профессордың кабинеті ашық тұрғанын байқап, ішке кіріп, ноутбукты жасырын алып кеткен.
Кейін ұрланған құрылғы қаладағы барлардың бірінің әкімшісіне небәрі 20 мың теңгеге сатылған.
Дәрігер полицияға арызданған соң, күдікті ізін суытпай ұсталып, ноутбук иесіне қайтарылды. Тергеу барысында ұрлық жасаған адамның осы профессордың бұрынғы пациенті екені белгілі болды.
Анықталғандай, профессор оған тек медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, қаржылай қолдау білдіріп, жұмыс табуына да көмектескен.
Соған қарамастан дәрігер соттан қатаң жаза сұрамаған.
Сот шешімімен ер адам бір жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Үкімге сәйкес, ол жұмыстан тыс уақытта үйінде болуы және пробация қызметінде тұрақты түрде тіркеліп тұруы тиіс. Белгіленген талаптар бұзылған жағдайда жаза нақты бас бостандығынан айырумен ауыстырылуы мүмкін.
RUS