Танымал актер Балтабай Сейітмамытұлы дүние салды
Сахна саңлағы 75 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, актер әрі режиссер Балтабай Сейітмамытұлы 75 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі растады. Ведомство марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оның ұлттық сахна өнерінің дамуына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Министрліктің мәлімдеуінше, Балтабай Сейітмамытұлы — бар ғұмырын қазақстандық театр өнеріне арнаған, сирек дарын иесі. Оның сахнадағы жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен өнегелі өмір жолы ел мәдениетінің тарихында өшпес із қалдырды.
Ресми дерекке сәйкес, Балтабай Сейітмамытұлы 1950 жылғы 11 сәуірде Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қастек ауылында дүниеге келген.
1974–1976 жылдары академиялық драма театрында қызмет атқарды.
1976 жылы Қарағанды облыстық драма театрында жұмыс істеді.
1976–1978 жылдары Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында актерлік қызметін жалғастырды.
1984 жылдан бастап Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып еңбек етті.
Өнер жолында талай буын көрерменнің жүрегінен орын алған сахна шеберінің есімі мен еңбегі қазақ театрының шежіресінде мәңгі сақталмақ.
Материал авторы