Германияда қаза тапқан Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі өзіне тағылған күдікке алғаш рет жауап берді
Күдікті деп аталған марқұмның күйеуі айыптауларды жоққа шығарды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Германияда қаза тапқан қазақстандық судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген оның күйеуі Александр Донцов алғаш рет көпшілік алдында мәлімдеме жасап, өзіне бағытталған айыптауларды жоққа шығарды.
Telegram-дағы «112» арнасы жүргізген журналистік тексеріс нәтижесінде Александр Донцов пен оның анасы — Наталья Донцованың қазіргі уақытта Мәскеуде тұрып, жұмыс істеп жүргені анықталған.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода Александр Донцов өзін кінәсіз екенін айтып, ақпарат кеңістігінде тараған мәліметтерді жалған деп атады.
«Сіздер өте көп өтірік айтып жүрсіздер. Көп дезинформация таратылды. Адамдар, арандатуға ермеңіздер. Сенбеңіздер. Мұндай бандиттік әдістерге алданбаңыздар», — дейді ол видеода.
Бұған дейін Германияда Александр Донцовтың анасы Наталья Донцоваға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда ол тергеу амалдары басталғанға дейін ел аумағынан шығып кеткен. Көп ұзамай оның ұлы да Ресейге кеткен. Қазіргі уақытта Донцовтар Натальяның егде жастағы анасымен бірге Мәскеуде тұрып жатыр.
Еске салсақ, Айгүл Сайлыбаева Германияда күйеуі және баласымен бірге шамамен бес жыл тұрған. Ол 3 маусым күні жақындарымен байланысқа шықпай қалған. Жоғалып кетуіне алаңдаған туыстары Қазақстанның Франкфурт-на-Майн қаласындағы бас консулдығына жүгініп, Айгүл отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін деген күдік білдірген.
Араға уақыт салып, Германияның бұқаралық ақпарат құралдары бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның өлі күйінде табылғанын хабарлады. Тергеу мәліметінше, оның мәйіті Бенсхайм қаласының шетінде орналасқан карьер аумағынан табылған.
Сол кезеңде Айгүл Сайлыбаеваның 49 жастағы енесі — Наталья Донцованың да жоғалып кеткені белгілі болды.
Материал авторы