526

Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Күдіктіге тағылған айып едәуір қатаңдады.

Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша күдіктіге тағылған айыптың бірі күшейтілді. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Сержан Нұрпейісов мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, іс қайта сараланып, Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы — «аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» бабымен қаралып отыр.

Аталған бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қазіргі таңда іс бір мезетте үш бап бойынша тергеліп жатыр:

– ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы — «аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру»;
– ҚК 125-1-бабы — «некеге мәжбүрлеу»;
– ҚК 115-1-бабы — «сталкинг».

Еске салайық, биыл 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласында 21 жастағы қыздың қаза тапқаны хабарланған болатын. Марқұм ауыр пышақ жарақаттарынан көз жұмған.

Алғашында оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі — «адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалған. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан ұсталып, қамауға алынған.

Марқұмның туыстары Нұрай Серікбайдың бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға бірнеше рет шағымданғанын, алайда арыздары қабылданбағанын айтып, құқық қорғау органдарының әрекетіне наразылық білдірген.

Бұл іске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та пікір білдіріп, оқиғаның қоғамда үлкен резонанс тудырғанын атап өтті. Президент Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекеттеріне құқықтық баға беруді тапсырған.

Материал авторы