690

Маңғыстаулық блогер ұлына Роналдо деп ат қойды (ВИДЕО)

Блогер жұбайы мен сәбиі Роналдо Мерейұлын перзентханадан шығарып алды.

Маңғыстаулық блогер ұлына Роналдо деп ат қойды (ВИДЕО)
instagram.com/urazbekovy

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының танымал блогері Әсел Ерімбетова ана атанып, дүниеге келген ұлына Роналдо есімін бергенін мәлімдеді.

Жас ата-ана әлеуметтік желідегі парақшасында перзентханадан шығу сәтін бөлісіп, баласының толық есімін жариялаған.

«Оразалы Роналдо Мерейұлы.
Перзентханадан у-шу болмай, тыныш қана шығамыз деп ойлағанбыз. Бірақ жолдасым үйде тосынсый дайындап қойыпты. Аллаға сансыз шүкір, осындай жанашыр, ойлайтын жұбайым бар. Бақыт деген – осындай қарапайым сәттер», – деп жазды блогер.

Желі қолданушылары ең алдымен сәбидің есіміне назар аударды. Кейінірек Әсел Ерімбетова мен оның жұбайы баласына не себепті дәл осы есімді таңдағанын түсіндірді.

Олардың айтуынша, ұлдарына әлем футболы тарихындағы ең танымал шабуылшылардың бірі – Португалияның аңыз ойыншысы Роналдоның құрметіне ат қойған.

«Біреу баласына батырдың атын қояды, біреу атасының атын қояды. Ал біз ұлымыздың жолы кең болсын, шекарасы тар болмасын, әлемдік деңгейде жүрсін деген ниетпен осы есімді таңдадық», – деп жазды блогер.

Сондай-ақ ол «Қазақша есім табылмады ма?» деп сын айтқандарға да жауап берді.

«Қазақтың рухы атында емес, тәрбиесінде. Ұлымды нағыз қазақ етіп тәрбиелеймін. Ең бастысы – бұл есімді оған әкесі мен анасы сүйіп қойды. Қалғаны – жай фон», – деп атап өтті Әсел Ерімбетова.

Желі қолданушылары нәрестеге ізгі тілегін білдіріп, ерекше есімге қатысты түрлі пікір қалдыруда. Бірі баланың болашағына ақ жол тілесе, енді бірі қазақы дәстүрге сай келмейтін есімге сын айтқан.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор