SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында бір үйден бір отбасының төрт мүшесінің мәйіті табылды. Қайғылы оқиға Райымбек ауданындағы Сарыбастау ауылында болғанын Qonaev Media мәлімдеді.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жеке тұрғын үйден 1955 және 1974 жылы туған екі ер адам, 1984 жылы туған әйел адам және небәрі бір жарым жастағы қыз баланың денесі табылған. Отбасы қыстауда тұрған.
Туыстары марқұмдармен екі күн бойы байланыс орната алмаған соң үйге арнайы барып тексерген. Үй ішінен барлығының жансыз денесін көріп, бірден полицияға хабар берген.
Ауыл тұрғыны Ерқанат Ақылдосовтың айтуынша, марқұмдар соңғы рет 30 қаңтар күні ауылға келіп, көліктеріне жанармай құйып кеткен. Ал 31 қаңтар күні қаза болғандардың бірінің туған күні болған.
«Кешке пеш жаққанда көмір сәл дымқыл болған, пеш дұрыс жанбаған. Соның салдарынан түтін шыққан болуы мүмкін. Үйге кірген туыстары іші қатты түтін иістеніп тұрғанын айтты», – деді ауыл тұрғыны.
Алдын ала болжам бойынша, отбасы мүшелері көмірқышқыл газынан улануы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазіргі уақытта қаза тапқандардың денесі сот-медициналық сараптамаға жолданды. Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі де деректі растады. Ведомствоның хабарлауынша, 2 ақпанда Райымбек ауылдық округі әкімдігінен Сарыбастау ауылындағы шаруа қожалығы аумағында болған оқиға туралы ақпарат түскен.
«Жеке тұрғын үйден туыстары төрт адамның денесін тапқан. Қайтыс болу себептерін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деп мәлімдеді департамент өкілдері.
Оқиға орнына ТЖД, полиция және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері барған.
RUS