SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада блогерлер Ерболат Жанәбылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігіне (ҚМА) сілтеме жасап.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты аудитория сенімін пайдаланып, заңсыз табыс табу схемасын ұйымдастырған. 2025 жылы олар онлайн-курстар сату түрінде бүркемеленген заңсыз жоба іске қосқан.
Алайда сатып алушылар үшін негізгі ынта — оқу емес, қымбат сыйлықтар ойнатылатын ұтысқа қатысу болған.
Тергеу материалдарында көрсетілгендей, ұсынылған бейнематериалдардың білім беру құндылығы болмаған, олардың басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл контент лицензиясы жоқ лотереяны бүркемелеу үшін ғана пайдаланылған.
Сыйлық қоры блогерлер өз қаражаты есебінен қалыптастырылды деп жарияланғанымен, іс жүзінде жүлделерге жұмсалатын қаржы онлайн-курстарға төлем жасаған қатысушылардың қаражатынан құралған.
Сонымен қатар электронды «сәттілік барабанының» параметрлерін өзгерту деректері анықталған. Тергеу мәліметінше, 5 мың теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, ал қымбат сыйлықтарға түсу мүмкіндігі әдейі төмендетілген.
Күдіктілер әлеуметтік желіде ең көп репост жасаған қатысушыға 11-ші автокөлік табыстаймыз деп жариялап, акцияның қамту аясын кеңейтуді көздеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және уәде етілген көлік берілмеген.
Тергеу барысында азаматтардан «Zhana Business» ЖШС-іне жиналған қаражат көлемі 247,5 млн теңгені құрағаны белгілі болды. Оның 60 млн теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.
Сот санкциясымен Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 көліктерін қоса алғанда 10 автокөлікке, сондай-ақ 17 iPhone ұялы телефонына тыйым салынды.
Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ таңдалды. Қазіргі уақытта олар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кіріскен.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, істің өзге деректері жария етілмейді.
Бұған дейін блогерлердің қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып кетуі мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын.
RUS