352

Жаңаөзенде жүргізуші жаяу жүргіншіге лай шашып өткені үшін 86 500 теңге айыппұл арқалады

Жаяу жүргіншіні әдейі лаймен бүріккен жүргізуші сот алдында жауап берді.

Жаңаөзенде жүргізуші жаяу жүргіншіге лай шашып өткені үшін 86 500 теңге айыппұл арқалады
rg.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жаңаөзен қаласында жүргізуші әйел адамды әдейі лай шашып өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Жаңаөзен қалалық сотының баспасөз қызметі жазды.

Оқиға 2025 жылғы 28 желтоқсанда Жаңаөзен қаласының «Бостандық» шағынауданында болған. «Mercedes» маркалы автокөлікті басқарған ер адам жол бойымен кетіп бара жатқан әйелді әдейі лаймен бүркіп өткен.

Жәбірленуші мұндай әрекетке төзбей, сотқа жүгінген.

Сотта жүргізушінің әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша «ұсақ бұзақылық» ретінде сараланды. Атап айтқанда, оның іс-әрекеті қоғамдық орында айналасындағыларға құрметсіздік таныту және қоғамдық тәртіпті бұзу деп танылды.

Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген және жаза ретінде айыппұл тағайындауды сұраған. Оның кінәсі жәбірленушінің түсініктемесімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, фотоматериалдармен және басқа да дәлелдермен расталған.

Сот қаулысымен «Mercedes» көлігінің жүргізушісі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Материал авторы