SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ҰҚК Жамбыл облысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Айгүл Балғабаеваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын растады.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, іс сотқа дейінгі тергеу сатысында.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – деп мәлімдеді комитет.
Ресми деректерге сәйкес, Айгүл Балғабаева фармация менеджері (жоғары санат), сондай-ақ денсаулық сақтау менеджері біліктілігі бойынша сертификаттарға ие.
Ол бұған дейін дәріханаларда, фармацевтикалық компанияда, медициналық ұйымдарда, диагностикалық орталықта және Денсаулық сақтау министрлігі жүйесіндегі құрылымдарда қызмет атқарған.
Айгүл Балғабаева 2024 жылғы 30 қыркүйектен бастап Жамбыл облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы қызметін атқарып келеді.
Қазіргі таңда іс бойынша өзге мәліметтер жарияланған жоқ.
RUS