Астанада ер адам ауыр науқас анасын тұншықтырып өлтірген
Көршілер ер адамның ұзақ уақыт жанжал шығарып жүргенін айтқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада ауыр қылмысқа қатысты сот үкімі жарияланды. Тергеу дерегіне сәйкес, 55 жастағы қала тұрғыны ұзақ уақыт ауыр дертпен төсекке таңылған анасын қасақана өлтірген.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың шілде айында болған. Ер адам жедел жәрдем шақырып, анасының кенеттен жағдайы нашарлап кеткенін хабарлаған. Алайда оқиға орнына келген дәрігерлер қарт әйелдің көз жұмғанын тіркеген.
Марқұмның мойын тұсынан анықталған жарақат белгілерінен кейін сот-медициналық сараптама тағайындалып, өлімнің тұншығу салдарынан болғаны белгілі болды.
Сотта айыпталушы анасын құтқармақ болғанын айтып, оны өзін-өзі өлтіруге әрекеттенді деген уәж келтірген. Оның сөзінше, анасы сүлгімен асылып қалуға тырысқан, ал өзі дер кезінде тоқтатпақ болған.
Алайда куәгерлер мен көршілер мүлде өзге мәлімет берген. Олардың айтуынша, ер адам тұрақты жұмысы болмаған, анасының зейнетақысымен күн көрген, ішімдікке әуес болған әрі жиі жанжал шығарып отырған. Көршілердің сөзінше, ол ауладағы әйелдер мен балаларға күш көрсетіп, төсек тартып жатқан анасын да ұдайы ұрып-соққан.
Сот жиналған айғақтар мен сараптама қорытындыларына сүйене отырып, ер адамды «қасақана адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы