425

«7,5 жыл – тым аз»: Шымкентте қаза тапқан қыздың туыстары сот үкіміне қарсы шықты

Марқұмның туыстары 17 жастағы сотталушыға берілген жазаны тым жұмсақ деп санайды.

«7,5 жыл – тым аз»: Шымкентте қаза тапқан қыздың туыстары сот үкіміне қарсы шықты
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте қаза тапқан қыздың туыстары сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Олар 17 жастағы мектеп оқушысына тағайындалған 7,5 жыл түрме жазасын тым жеңіл деп санайды.

Іс апелляциялық сатыда жабық режимде қаралып жатыр.

Марқұм Қарлығаш Оңғарбаеваның анасы сотта сөйлеген сөзінде үкіммен келіспейтінін ашық айтты.

«Оған небәрі жеті жарым жыл берілді. Ол 24 жасында бостандыққа шығады. Ертең дәл сондай қылмысқа қайта бармайтынына кім кепіл?» – деді ол.

Сонымен қатар жәбірленуші тарап айыптау қорытындысынан «мәйітті қорлау» бабын алып тастауға да қарсы екенін жеткізді.

«Қызымды жерлегенде, онымен адамша қоштаса да алмадым. Соңғы рет құшағыма басу мүмкін болмады. Мен бұл істі ол жалғыз өзі істеді дегенге сенбеймін. Бір нәрсе жасырылып отыр деп ойлаймын», – деді марқұмның анасы.

Қайғылы оқиға былтыр шілде айында Шымкентте болған. Қыз үй жинау жұмысына кетіп, кейін хабарсыз қалған. Біраз уақыттан соң оның мәйіті табылды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 11-сынып оқушысы жұмыс ақысына қатысты жанжалдан кейін қызды өлтіріп, мәйітті қоқыс маңына тастап кеткен. Сондай-ақ марқұмның ұялы телефоны жоғалған.

Сот 17 жастағы жасөспірімді кісі өлтіру дерегі бойынша кінәлі деп танып, 7,5 жылға бас бостандығынан айырған. Марқұмның жақындары бұл үкіммен келіспей, апелляцияға жүгінді.

Материал авторы