202

Түркістан жерінде Димаш Құдайбергеннің продюсерлік «Voice Beyond Horizon» жобасы бастау алды

Әуелі ашық сахнаға өзі шыққан ұйымдастырушы әрі қазылар алқасының төрағасы Димаш қатысушылардан жоғары деңгейді талап етіп, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа жетістіктерге бастайтын бағыт ұсынды.

Түркістан жерінде Димаш Құдайбергеннің продюсерлік «Voice Beyond Horizon» жобасы бастау алды
Voice Beyond Horizon

Димаш Құдайбергеннің «Voice Beyond Horizon» шоуының алғашқы эпизоды шуақты Түркістанда 6 елден келген сегіз қатысушының басын қосты.

Жобаның бастамашысы әрі қазылар алқасының төрағасы ретінде Димаш әуелі өзі ашық сахнаға шығып, қатысушыларға жоғары талап қойып, өнерпаздарды жаңа белестерге жетелейтін шығармашылық бағыттың көкжиегін кеңейтті.

«Fire» авторлық композициясы тыңдаушыларға тосын форматта ұсынылып, туындылар тек ағылшын тілінде ғана емес, қытай тілінде де орындалды. Ал қазақ тіліндегі аса жылдам ырғақтағы рэп элементінің енгізілуі көрермен тарапынан зор ықыласқа ие болды.

Байқауға қатысушылар заманауи әуездегі опералық орындаудан бастап қытайдың биік таулы аймақтарына тән әуендеріне дейін, нәзік махаббат әндерінен қырғыз тіліндегі битбокс элементтері қамтылған композицияларға дейінгі түрлі жанр мен стильдегі музыкалық туындыларды орындады.

Қазақстанның атынан қатысқан Нұржас Садырбаев Димаш Құдайбергеннің авторлығымен жазылған «Самал» әнін ана тілінде орындап берді.

Жоба ережесіне сәйкес, әрбір концерттік нөмірден кейін көрермендер қатысушылардың өнерін бағалап отырды. Бағдарлама соңында музыкалық сарапшылар Лэй Цзя мен Димаш Құдайберген алғашқы байқау күнінің қорытындысын жариялап, үздік үш орындаушыны анықтады.

Нәтижесінде жүлделі орындарға ие болғандар: Италиядан келген Джулия Фальконе (үшінші орын), Қытайдан Цай Чэнъюй (екінші орын) және алғашқы эпизодтың жеңімпазы – қазақстандық Нұржас Садырбаев болды.

«Voice Beyond Horizon» шоуының алғашқы шығарылымының жүлдегерлері мен жеңімпаздарын құттықтаймыз! Келесі аптада қатысушылардың Түркістанның көрікті орындарына жасаған қызықты сапарына куә болып, олардың келесі шығарылымға дайындығын тамашалай аламыз.