SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей Мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары Вячеслав Даванков қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынуына қатысты пікір білдіріп, оны ашық түрде қолдады.
Депутаттың айтуынша, бұл шешім туралы өзі де журналистерден ғана білген.
«Мен Нұрланның жобаларын, соның ішінде ЧБД-ны да көріп жүрмін. Бұл жаңалық мен үшін өте жағымсыз тосынсый болды», – деп жазды Даванков Telegram-арнасында.
Оның сөзінше, жағдай жан-жақты әрі ашық тексерілуі тиіс, өйткені әзірге тыйым салудың ресми себептері жарияланған жоқ.
«Жеке хаттарым мен пікірлер толып кетті. Адамдар не үшін Ресей туралы бірде-бір жаман сөз айтпаған, ең танымал комиктердің бірін елден шеттетіп отырғанын түсінбей отыр», – деді ол.
SHOT басылымына берген түсініктемесінде Даванков мұндай шешімдер өсек пен негізсіз ақпаратқа сүйеніп қабылданбауы керек екенін айтты. Егер тыйым салу дәл осындай себептермен енгізілгені анықталса, Сабыровқа Ресейде тұрып, жұмыс істеуіне қайта мүмкіндік берілуі тиіс деген ұстаным білдірді.
Ал Мемлекеттік думаның тағы бір депутаты Александр Шолохов та бұл мәселеге байланысты нақты себептерді анықтау қажет екенін айтты.
«Мен кез келген тақырыпта әзілдеуге дайын комиктерді Ресейдің мәдени күн тәртібінің бір бөлігі деп есептемеймін. Бірақ шаралардың қаншалықты орынды екенін айту үшін оның елге не себепті кіре алмай отырғанын білу керек. Қазір түрлі нұсқа айтылып жатыр – салық төлемеуінен бастап, арнайы әскери операцияны беделін түсіруге дейін», – деді Шолохов.
Бұған дейін ресейлік құқық қорғау органдары Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салынғанын растаған болатын. БАҚ-та мүмкін себептердің қатарында арнайы әскери операцияға қатысты сыни пікірлер, қаржылық заңбұзушылықтар және Ресей азаматтығын рәсімдеуден бас тарту жайы аталды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Нұрлан Сабыров пен оның заңды өкілдері Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жүгінбегенін хабарлады.
RUS