Ақтөбеде арбамен қоқыс тастаған ер адам айыппұл арқалады (ВИДЕО)
Полиция қала тазалығы үшін тұрғындарды жауапкершілікке шақырды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылдың басынан бері Ақтөбеде Оперативтік басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы қаладағы 99 рет қоқыс тастау және санитарлық тәртіпті бұзу фактісі тіркелді. Бұл туралы Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі жазды.
Авиагородок ауданында камераға тұрғынның түнде арбамен тумбочка тастап жатқан сәті түсті. Полиция бұл факті бойынша азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Ескі жиһаз, есік, терезе жақтаулары, құрылыс қалдықтары сияқты үлкен көлемді қоқысты үй контейнерлеріне тастауға тыйым салынған. Мұндай заттарды тұрғындар өздері шығару немесе жүк көлігін жалға алу арқылы заңды жолмен тастауы тиіс. Арнайы техника үлкен көлемді қоқысты қысуға арналған емес, бұл қоқыс таситын көліктердің механизмін бұзуы мүмкін.
Қаладағы белгіленбеген жерге үлкен көлемді қалдықтарды тастау – әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Заң бойынша бұзушы 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
Бейнебақылау жүйесі тек құқық бұзушылықты тіркеп қана қоймай, алдын алу шарасын да қамтамасыз етеді:
тұрғындардың қала тазалығына жауапкершілігін арттыру;
инфрақұрылымның зақымдануын болдырмау;
әкімшілік тәртіп бұзушылыққа жедел реакция жасау.
Полиция тұрғындарды қала тазалығы ережелерін сақтау және үлкен көлемді қоқысты заңды жолмен шығару қажеттігін еске салады.
Материал авторы