323

Жаңаөзенде отбасыға WhatsApp арқылы бопсалаған күдікті ұсталды

Күдіктіден есірткіге ұқсас зат тәркіленді.

Жаңаөзенде отбасыға WhatsApp арқылы бопсалаған күдікті ұсталды
polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында полиция бопсалау және есірткі заттарын сақтау дерегі бойынша күдіктіні ұстады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 16 қаңтарда криминалдық полиция бөліміне жергілікті тұрғынға қатысты бопсалау туралы ақпарат түскен. Белгісіз адам WhatsApp мессенджері арқылы жәбірленушіге және оның отбасы мүшелеріне қоқан-лоқы көрсетіп, ірі көлемде ақша талап еткен.

Аталған дерек бойынша 19 қаңтарда бопсалау бабымен қылмыстық іс тіркелді.

7 ақпанда криминалдық полиция қызметкерлері «Бүркіт» арнайы жасағымен бірлесіп, қаланың өнеркәсіп аймағындағы дүкендердің бірінің маңында Lada Granta автокөлігін тоқтатты.

Тексеру барысында көліктің артқы орындығында отырған күдікті анықталып, ұсталды. Тінту кезінде оның үстіндегі қара күртенің оң қалтасынан көк изолентамен оралған, ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған екі түйіншек табылып, тәркіленді. Алдын ала болжам бойынша, зат есірткіге жатады. Сондай-ақ күдіктіге тиесілі ұялы телефон айғақ зат ретінде алынды.

Медициналық сараптама ер адамның ағзасынан каннабиноид метаболиттері анықталғанын көрсетті. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция бопсалау, заңсыз ақша талап ету және есірткі заттарын сақтау қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Құқық қорғау органдары азаматтарды кез келген заңсыз әрекет туралы дереу хабарлауға шақырып отыр.

Материал авторы