552

Ақтөбеде анасы мен үш баласы неден қаза тапқаны белгілі болды

Сабаққа келмеген оқушы қайғылы жағдайды әшкереледі.

Ақтөбеде анасы мен үш баласы неден қаза тапқаны белгілі болды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде анасы мен үш баласының қаза табуына қатысты жаңа мән-жайлар белгілі болды.

Қайғылы оқиға жеке тұрғын үйдің ауласында орналасқан ескі уақытша баспанада тіркелген. Он жерден 33 жастағы әйел мен оның үш кәмелетке толмаған баласының мәйіті табылған.

Мектеп өкілдерінің мәліметінше, дабыл 10 жастағы оқушының сабаққа келмей қоюынан кейін қағылған. Педагогтар бір апта бойы отбасының тұрғылықты мекенжайына бірнеше рет барғанымен, есік ашылмаған. 9 ақпанда білім беру ұйымының қызметкерлері тағы да барып, уақытша баспананың терезесінен ішке қарап, қайтыс болғандарды көрген.

Көршілердің айтуынша, әйел балаларымен бірге бұл баспанада тегін тұрған. Үй иесі оларды аяп, паналатуға келісіпті. Мектеп те отбасының әлеуметтік жағдайы төмен санатта есепте тұрғанын растады. Қайтыс болған балалардың жасы – 2, 5 және 10-да.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, мәйіттер 9 ақпан күні түске таман анықталған.

«2026 жылғы 9 ақпанда шамамен сағат 12:00-де Ақтөбе қаласындағы жеке тұрғын үй аумағында 1993 жылы туған әйел мен оның үш кәмелетке толмаған баласының мәйіттері табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімнің себебі – газдан улану», – деп мәлімдеді полиция.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр.

Материал авторы