Семейде шенеунік кәсіпкерлерге «қамқорлық» жасап, ақша алғаны әшкере болды
Міндетті оқусыз 159 куәлік рәсімделген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінде басшылық қызмет атқарған бұрынғы шенеунікке қатысты қылмыстық іс қаралып, үкім шығарылды.
Сот дерегінше, ол 2024 жылдың ақпан–тамыз айлары аралығында қызметтік өкілетін пайдаланып, кәсіпкерлік субъектілеріне заңсыз артықшылық берумен және қамқорлық жасаумен байланысты бизнес жүргізген.
Тергеу мен сотта анықталғандай, айыпталушы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында ақылы қызмет көрсететін, өзіне қатысы бар коммерциялық ұйымдарды пайдаланған. Құжат жүзінде серіктестіктерді басқа адамдар басқарғанымен, нақты бақылау шенеуніктің өзінде болған.
Тексеру барысында департамент кәсіпорындардан заңбұзушылықтарды анықтағаннан кейін, кәсіпкерлерге сол кемшіліктерді «жою» үшін өзара байланысты ЖШС-ға жүгіну ұсынылған. Сараптамалық қорытындылар мен техникалық құжаттар айыпталушының тікелей қатысуымен, ақылы түрде рәсімделген. Ал алынған қаражаттың бір бөлігі оған жеке беріліп отырған.
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың шілде айында міндетті оқытудан өтпеген адамдарға небәрі бір айдың ішінде қауіпті жұмыстарды орындауға рұқсат беретін 159 куәлік рәсімделген. Бұл құжаттар экскаватор, автотиегіш, бульдозер, автокран басқару және жоғары қысымды қазандықпен жұмыс істеу сияқты қауіпті өндірістік қызмет түрлеріне қатысты.
Аталған куәліктер айыпталушының көмегімен оған қатысы бар серіктестік арқылы дайындалған.
Сот мұндай рұқсат құжаттарын пайдалану ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтті, өйткені олар қауіпті өндірістік нысандарды пайдаланумен тікелей байланысты.
Іс аясында сот жеке қаулы шығарып, материалдарды Абай облысының прокуратурасына жолдады. Прокуратураға қылмыстық істе аталған серіктестіктердің мемлекеттік лицензияларды заңды пайдалануына тексеру жүргізу және қауіпті жұмыстарға рұқсат берген тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беру тапсырылды.
Сот үкімімен бұрынғы шенеунік Қылмыстық кодекстің 364-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына және осы мерзім бойына пробациялық бақылауға алынды. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы