331

Астанада жалған пәтер жарнамасы арқылы 18 адамды алдаған күдікті ұсталды

Күдікті алдын ала төлемді басқа адамдардың есепшотына аудартқан.

Астанада жалған пәтер жарнамасы арқылы 18 адамды алдаған күдікті ұсталды
polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада интернет арқылы жалған пәтер жалға берумен айналысқан күдікті ұсталды. Тергеу оның кемінде 18 алаяқтық дерегіне қатысы бар екенін анықтады.

Ішкі істер органдарының мәліметінше, полицияға азаматтардың бірі арызданған. Белгісіз адам өзін пәтер жалға беруші ретінде таныстырып, Астанадағы баспанаға алдын ала төлем сұраған. Осы жолмен жәбірленушінің 50 мың теңгесін иемденген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 27 жастағы ер адам қолға түсті. Ол интернет-платформаларда Астанада пәтер жалға берілетіні туралы жалған хабарландырулар орналастырып отырған.

Тергеу дерегінше, күдікті жәбірленушілермен хат алмасу кезінде пәтерді жалға беруге уәде етіп, алдын ала төлемді үшінші тұлғалардың банк шоттарына аударуды талап еткен.

Күдікті өз кінәсін мойындады. Қазіргі таңда оның 18 эпизодқа қатысы бары расталып отыр. Сонымен қатар елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырып, қызметтің шынайылығына көз жеткізбей тұрып ақша аудармауға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және SMS арқылы келген кодтарды бөгде адамдарға хабарламауға кеңес берді.

Материал авторы