Павлодарда әкесін пышақтаған жігіт сотталды
Отбасылық жанжал қылмысқа ұласып, жігіт бас бостандығынан айырылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда әкесін пышақтаған ер адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот дерегінше, оқиға былтыр сәуір айында көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерде болған. Әке мен баланың арасында тұрмыстық жанжал шығып, дау төбелеске ұласқан. Екі тарап та мас күйде болған.
Тергеу материалдарына сәйкес, жанжал кезінде ұлы асүй пышағын алып, әкесіне қасақана соққы жасаған. Зардап шеккен ер адам шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген.
Тексеру барысында жанжалға мас күйдегі баланың үйден кетпек болғаны, ал әкесінің оған кедергі келтіруі себеп болғаны анықталды. Алдымен ауызша дау туған, кейін ол күш қолдануға ұласқан.
Сараптама қорытындысы әкесінің денсаулығына ауыр зиян келтірілгенін растады.
Тергеу кезінде айғақ заттар тәркіленіп, куәлар күдіктінің ішімдікке әуестігін және ата-анасына қатысты агрессивті мінез көрсеткенін растаған.
Сотталушының әрекеті Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі бойынша – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі ретінде сараланды. Сондай-ақ сот-психиатриялық сараптама оның алкогольді шамадан тыс тұтынуға байланысты психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстарға шалдыққанын көрсетті.
Сот ұлының соққыны әдейі және айтарлықтай күш қолдана отырып жасағанын анықтады. Үкім шығару кезінде қылмыстың қоғамдық қауіптілік деңгейі, сотталушының жағымсыз мінездемесі, мас күйі жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде және медициналық сараптамалардың қорытындылары ескерілген.
Нәтижесінде ер адам орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесіне төрт жыл мерзімге сотталды. Сонымен бірге жазасын өтеу орнында мәжбүрлі түрде алкоголизмнен емделу шарасы тағайындалды.
Материал авторы